04 Маусым, 2018

Рәміздердің символикалық қана емес, тылсым сипаты да бар

752 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Көк тудың желбірегені, жаныма қуат береді» деп халық арасына кең тараған тамаша әнде айтылатындай, қазір жер жүзіндегі бар қазақтың көзіне көк Туымыз оттай басылады. Басқа түсті қаламай, нақ осы, зеңгір көк аспанның түсін ұсынған марқұм Шәкен Ниязбеков ағамыздың тапқырлығына да тәнті боласың.

Рәміздердің символикалық қана емес, тылсым сипаты да бар

Қазақ өзі көк түсті ежелден жанына жақын тартып, жақсы дүниенің бәрін көкке теңеген ғой. Мәселен, жасыл шөпті «көк шөп» дейді, дала жайнап, гүлдеді ме дегенді «көк шы­ғып па», «дала көктеп пе» дейді, аңыз әңгімелерде де ер жігіт­тің қанаты ретінде «көк тұлпар» жиі қолданылады. Аққу­дың балапанын көгілдір деп, қыздың әдемілігін «аққудың көгілдіріндей» деп мадақтаған... Көк түс аспан ғана емес, тірші­ліктің ауадан кейінгі нәрі – судың да түсі. Дүниежүзінің карта­сын­дағы сыпыра сары бояу­лы шөл-шөлейттің ортасында көк түс көрінсе, ол қайнаған тіршіліктің көрінісіндей елестейді...

Ежелгі рәмізтану іліміндегі бұлтсыз көк аспанның түсі бейбітшіліктің, тыныштықтың, жасампаздықтың нышаны болса, Қазақстан халқы сол талаптың үддесінен табылып келеді. Тудың нұсқасын дайындауға қатысқан 600-ге жуық автордың ішінде жеңіп шығып, өзінің идеясының бәрінен басым екенін танытқан Ш.Ниязбеков оған күн мен оның астында қалықтаған қыранның бейнесін неге салғанын былай айтқан еді: «Көк аспанда күн болуы керек. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Әлем елдерімен иық теңестіре алатындай жағдайға жетті, дегеннің нышаны бұл. Ал бүркіт – ең биікке көтерілетін қайсар құс. Қыран қашанда қазақта ерлік пен азаттықтың символы болған. Осы қыранды алғаш рет тек біздің бабаларымыз ғана бағындырып, қолына қондыра білген. Сондықтан да қыран құстың Туымызда бейнеленуі – заңдылық!». («Ту – мемлекеттің ең қысқа жазылған конституция­сы»., «ЕҚ».,А.Есали.,25.11.2011жыл).

Тыныштық пен бейбітшілік, түрлі этностар арасында татулық орнаған, экономикалық тұрақтылық қалыптасқан, еліміздің даму сипаты мен бас­ты нышандарымыз – Елтаңба мен Әнұранымыз да үйлесім тауып, жарасым беріп тұр. Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан ұсынған герб нұсқасының қабылданғаны да ұтымды шешім болды. Көк аспан­ның фонындағы шаңырақ-күннен жайылған шұғыла барлық тарапқа құйылып тұр. Ал қанатты пырақтар қазақ танымының үнемі жоғарыға өрлеп, арманы мен қиялының ешқашан тоқырамайтындығының символы. Жоғарыдағы жарқыраған жұлдыз бен астындағы «Қазақстан» сөзі – осының бәрі бір дөңгелектің ішіне сыйып, біртұтастықты айғақтап тұр.

Үш рәміздің ішіндегі Гимннің тарихы қызықтау. Ол әуелі 1992 жылғы мау­сымда атақты композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің музыкасына жазылған Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі және Жадыра Дәрібаева сияқты ақындарымыздың шығармасымен бекітілді. Бұл музыкасы да, сөздері де қуатты Әнұран болатын. Алайда композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні бейресми гимнге айналып, бүкіл қазақ даласы, еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін соны шырқап кетті. Өйткені бұл ән қазақтың азаттыққа ұмтылған ақыл-ойының ел мен жерге деген патриоттық сезімінің айқын көрінісі. Сондықтан Елбасының ұсынысымен әннің сөзіндегі кейбір тұстарына ерекше қуат беретін жаңа жолдар енгізіліп, 2006 жылы ол Парламенттің қарауына ұсынылды. Осы жолдардың авторы Мәжілістегі сол талқылауды өз көзімен көрген еді. Сөйтіп бұрынғы «Думанды бастады, Далама қарашы! Кең екен жер деген, Жерге дән шықты ғой. Дән егіп терлеген Қазағым мықты ғой» деген жолдар Н.Назарбаевтың өзгертуімен «Ерліктің дастаны, Еліме қарашы! Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!» деп, ал қайырмасындағы «Менің елім, менің елім, Жырың болып төгілемін, Гүлің болып егілемін, елім! Туған жерім менің — Қазақстаным!» деген жолдар да аз ғана өзгеріске ұшырап: «Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным!» болып шықты. Ал енді екінші шумағындағы «Сағымды далам бар, Сабырлы көлім бар. Қараңдар, жараңдар, Осындай елім бар. Қарсы алған уақытты, Ежелгі досындай. Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай» деген жолдар «Ұрпаққа жол ашқан, Кең-байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар. Қарсы алған уақытты, Мәңгілік досындай, Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай!» деген өзгерістерімен қабылданып, барлық қазақстандықтардың қосыла шырқайтын Гимніне айналған еді.

Қайбір жылы Чешенстан астанасында ауыр атлетикадан әлемдік жарыс болып, жеңіс тұғырына көтерілген спортшымыз И.Ильиннің құрметіне Қазақстанның ескі гимні шырқалғанда Илья бұл емес деп басын шайқап тұрып алып, ақыры жаңа Гимнді шырқатқан еді... Міне, бұл барлық қазақстандықтардың өз Гимніне деген құрметінің бір көрінісі.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»